Өнертану докторы, профессор

ҚР ҰҒА құрметті академигі,

М.О.Әуезов атындағы әдебиет

және өнер институты, бейнелеу өнері

бөлімінің меңгерушісі

ЮНЕСКО жанындағы көркем сыншылар

Халықаралық Ассоциациясының мүшесі Ергалиева Р.А.

Монументалды-сәндік өнер – бұл айрықша күрделі сала, суретші бұл салада жұмыс істей отырып, сәулетші, кескіндемеші және дизайнер кәсібін де  бойына сіңіруі, өнер синтезіне әмбебап көзқарасы болуы керек сонымен қатар бейнелеу өнерінің алуан түрлі тәсілдерін меңгеруі тиіс.

 

Қазақстан Республикасы өнеріне еңбегі сіңген қайраткер Владимир Сергеевич Твердохлебов өз бойында осы күрделі көркем өнер мен абыройды ұштастыра білген шебер. 1967 жылы ең атақты және беделді оқу орындарының бірі - В.Мухин атындағы жоғары көркемдік-өнеркәсіптік училищені аяқтап (Санкт-Петербург), кескіндемеші өзінің кәсіби білімін және дарынын қазақстандық монументалды-сәндік өнердің, дизайн және кескіндеменің қалыптасуына жұмсады.

 

Қазақстанның монументалды-сәндік өнерінің көп жылдар бойы дамуы мен жетістіктері Владимир Твердохлебовтың шығармашылығымен тығыз байланысты. Оның бірегей туындылары біздің көшелерді, ғимараттарды және қалаларымыз бен ондағы ғимараттардың ішкі көрінісін көріктендіріп қана қоймай, олардың қайталанбас көркем бейнесін тудырып, танымал ажарын қалыптастыруда.

 

Қазақстанның монументалдық өнерінің хрестоматиялық ескерткішіне айналған В. Твердохлебовтың белгілі туындыларынан басқа, Тәңірлік күнтізбеге арнлаған атақты субұрқақ, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы Ғалымдар үйінің витраждары мен мозаикалары, «Есік» мейрамханасына арналған мозаикалық панно және т.б. Қазақстан және Қырғызстанның бірқатар қалаларының мәдениет сарайларындағы көптеген өрнектер, гобелендер, витраждар және мозаикалар суретшінің жұмыстары болып табылады.

 

Суретшінің ерте жұмыстарының бірқатары тамаша, шаттыққа толы балалық және жасөспірім шақтармен байланысты. Твердохлебов Қаратау қаласындағы балалар комбинатына «Күн астындағы өмір» (1969 ж.) тақырыбында, Алматы қаласындағы Байланыс министрлігіне қарасты балалар комбинатына «Бізге цирк келе жатыр» (1972 ж.) тақырыбында қабырғалық өрнек туындысын жасайды. Бұл туындыларға ертегі мен сиқыр ахуалын лайықты қанық, сәнді көптүстілік тән.

 

Алматылық мектептердің біріне арналған «Жастық» тақырыбындағы темпералық өрнекте В. Твердохлебов өзін нәзік, сезімтал реңші ретінде көрсетеді. Өрнектің назды пастельдік реңктері адамның ең нәзік және әсерлі шағы – жастықты еске салатын тәрізді.

1970-1980 жылдар суретші үшін белсенді шығармашылық қызмет кезеңі болды. Ол   «Қарқаралы жері» (1973 ж.) атты композициясы, Жамбыл сүт комбинатының (1976 ж.) ғимаратынының мозаикасы сияқты ірі монументалды-сәндік  жұмыстарды орындады.

Алматы Мақта-мата комбинатының мәдениет сарайын безендіру кезінде (1982 ж.) В.Твердохлебовтың басшылығымен бедерлер мен мозаикалар, өрнектер, субұрқақтар және мүсіндік композицияларды қамтитын, монументалды-сәндік жұмыстардың ірі кешені орындалды.

Суретші Қазақстанның әр түрлі аймақтарында көп және жемісті еңбек етеді. Ол Шымкент облысы Сайрам ауданындағы Мәдениет үйінің (1973ж.), Қаскелен ауданы Мәдениет үйінің мозайкаларын жасады. Олар өзінің түстік амалдарымен кескіндеме және гобеленге жақын, бай реңдік гаммада орындалған.

 

Суретші монументалистің шеберлігі нығайып, түпкі ойы күрделене түсті, оның авторлық стилі танымал және өзіндік сипатқа ие болуда. Әсершіл көңіл-күй мен тұтас сәнділікті құра отырып, батырлар мен бейнелердің танымал сипаттылығын үйлестіре білу икемділігі, геральдиканың ырғағы мен элементтерін біріктіру, нышандар мен аллегорияларды қатыстыру, монументалды-сәндік композицияны сәулетшілік ансамбльмен үйлесімді біріктіру В. Твердохлебовтың шығармашылық қолтаңбасының айқын ерекшеліктеріне айналуда.

«Шығыс күнтізбесі» (1979-1981жж.) атты субұрқақ ансамблі В. Твердохлебовқа нағыз атақ алып келген жұмыс болды. Мүсіндермен қоршалған субұрқақ жасауға, оған Санкт-Петербург қаласында оқыған кезіндегі, Петергофтың атақты субұрқағы туралы естеліктері әсер етті.

 

Он екі жылдық Тәңіршілдік күнтізбеге арналған субұрқақ пайда болған күнінен бастап, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына және Алматының көрікті жеріне айналды. Субұрқақ өздерінің шығыс күнтізбесіндегі ретімен орналасқан, қоладан құйылған он екі жануардың аллегориялық пішіндерімен қоршалған. Екі стильдің синтезі, сақтың «аң стилінің» және шығыстық, көбіне қытайлық көркем өнер ықпалының арқасындағы субұрқақ өзіндік бейнеге ие болды.

 

Субұрқақ композициясында суретші шығыстық өнер стилистикасын ғана емес, сонымен қатар Шығысқа тән бейнелер символикасын белсенді түрде қолданған. Субұрқақтың барлық элементтері белгілі бір жүктемеге ие, олардың семантикасы кей уақытта күрделі және өзіндік мағынасын ашуды талап етеді. Батыс пен Шығысқа, Оңтүстік пен Солтүстікке тура бағытталған композицияның жоғарғы жағындағы қола векторлар, бұйра «Күннің» шыңындағы жыл күндерінің санына сәйкес сәулелер, аспан шырағын айналдыра орналасқан қола баудың бетіндегі руналық таңбалар – осы элементтердің барлығы бейнеге сиқырлы тартымдылық сыйлайды. Бұл сиқырлы жұмбақтылықта мүсіндік ансамбльдің тартымды күші жасырынған.

 

«Шығыс күнтізбесі» субұрқағы КСРО суретшілер Одағының VI съезінде 1978-1982 жж. сәндік-саябақтық мүсіндер саласындағы ең үздік жұмыс болып танылғанын естеріңізге сала кетейік. Ал 2010 жылдан «Шығыс күнтізбесі» субұрқағының жануарлар пішіні және әлемнің символдық кескінінің дизайны негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі алтыннан және күмістен құйылған коллекциялық тиындарды жыл сайын басып шығаруды қолға алды.

 

Алматы қаласындағы Ұлттық ғылым Академиясының Ғалымдар үйін монументалды-сәндік безендіру үшін (1983-1984 жж.) В.Твердохлебов көркем туындылардың кең ауқымды кешенін орындады. Олардың көбісі бірегей бола тұра, бүгінгі күнге дейін ғимараттың интерьерін көріктендіріп тұр. Мұнда суретші витраждар және гобелен, флоренциялық мозаика және рельеф жасаудағы өзінің епті шеберлігін көрсете білді. Шебердің Ғалымдар үйінің әр түрлі залдарын безендіру амалдары, Қазақстан ғылымының қалыптасуын көрінетін, танымал кейіптер арқылы бейнелеуі ғылым тақырыбына деген ықтиятты зейінмен ерекшеленеді

 

Суретші Ғалымдар үйінің кіре берісіндегі мозаикаларда өздерінің өмірлерін адам және дүниетануға арнаған Шығыстың көрнекті ұлдарының тұлғаларын бейнелеген. Бұл керемет саңлақтар тобында көрермен ұлы ғалым әл-Фарабиді, ақын және философ Абай Құнанбаевты, шығыстанушы және Қашқарды алғаш ашушы Шоқан Уәлихановты, ағартушы және педагог Ыбырай Алтынсаринді, тұңғыш геолог Қаныш Сатпаевты және т.б. Қазақстан ғалымдарын көре алады. Оларды қасбеттік, бірақ мүлде статикалық емес шешіммен композициялық біріктіру арқылы, суретші әр образ үшін өзіндік келісімді орта таба білген. Абайдың қолындағы қауырсын және кітап, Әл-Фарабиге арналған мозаикадағы тарих атасы - Геродоттың басы және бұрама қағаз, осылардың барлығы әр бейнеге қажетті идеялық негіздеме құрады.

Смальтаның әр түрлі түстерінен орындалған, техникалық жағынан күрделі жұмысты автор, нәзік көлемді ауысуларды жеткізу көзқарасы жағынан да, кеңістік және жарықты сезіну, туындының тектоникасы жағынан да сәтті аяқтады. Ғалымдар үйінің кіре беріс бөлмесіндегі берік орналастырылған мозаикалар, өзіндік шешімдерінің орындылығымен де әсер қалдыруда, оларға орынсыз астарлылық тән емес, керісінше нәзік талғам мен орындаушылық мәнерінің зерделі нақтылығы сезіледі.

 

Ғалымдар үйі мәжіліс залының орталық панносы жергілікті қазақстандық жартылай асыл тастардан, өте сирек кездесетін «флоренциялық мозаика» техникасында орындалған. Твердохлебов жасаған әлемдік пролетариат жетекшісінің бейнесі, осы тарихи тұлғаның монументалдық өнердің кеңестік кезеңіндегі сомдалуының ең жақсы үлгісі болғандығын күмәнсіз мойындауымыз керек.

Батырдың түзу ашық көзқарасы, классикалық дәстүрде салыстыра түзетілген, анық суреттелген жартылай қырынан қарағандағы сұлбасы, фоннфң толқын тәрізді байсалды түс үндестілігі, сенімді және табанды бейнені қалыптастырады. В.Твердохлебов – Ғалымдар үйіне арналған портреттік бейнелер қатарын орындауда, өз кәсіби біліктілігін тамаша көрсете білген кескіндемеші.

 

Ғалымдар үйінің қысқы бағы витраждарының тақырыбы - «ежелгі скифтер өнері». Скиф-сақ дәуіріне қарасты «аң стилінің» өшпес өнері, бұл туындыны орындау кезіндегі суретші шабытының қайнар көзі болды.

 

Витраждар шешімінде В. Твердохлебовтың шығармашылық тұлғасына тән маңызды қасиет – оның әлемдік және ұлттық өнердің әр түрлі этномәдени және хронологиялық стилистикасына оңай ене білу ептілігі айқындалды. Бұл ептілік «Шығыс күнтізбесі» (1980 ж.) субұрқағын безендіруде де, Алматы қаласының орталығында орналасқан «Тай» мейрамаханасының (2002 ж.) мозаикалық панносының шешімінде де айқындалды. Қанық түстер, витраждардың әбден жітілдірілген және әсем суреттері қысқы бақта бір мезгілде мейрам ахуалы мен қанық мәдени мәнмәтін қалыптастырады.

 

Суретші монументалдық өнердің әр түрлі салаларында, оның ішінде мозаика және гобелен, ландшафтық қалалық мүсіндеме, витраж және монументалды кескіндемеде жемісті еңбек етуде. Монументалды-сәндік өнердің ең маңызды міндеті - ғимараттар интерьерінде де, қалалық ланшафта да заттық-кеңістіктік ортаны қалыптастыру, В.Твердохлебов шығармашылығында табысты шешілуде

«Айдаһар» атты «Тай» жаздық мейрамханасының (2002ж.) және «Жібек жолы» атты «Есік» қонақ үйі (2005ж.) мейрамханасының мозаикалық композициясында В.Твердохлебовтың батыл реңшілік қабілеті және қиял мәнеріндегі композициялық шешімдерді қалыптастыру қабілеті айқындалды. Оның көрерменді сиқырлыққа, ертегіге шомып, туындыларының стилистикасында жүзеге асқан аңыз бен шынайылықты біріктіре алу қабілеті, бұл жұмыстардың басты желісіне айналды.

 

Шығыстық қала мен керуен үстінен қалықтаған аңыздағы барс, даладағы күннің бату сәтінде шымқай қызыл түстерге боянған ежелгі сақ әшекейлерінен түскендей. Мозаикадағы алтын құм, тұнық-көгілдір су бетінен әуелеп ұшып шыққан қос аққу, ғимараттар мен киіз үйлердің еңістеу күмбездері және түйелердің қалыпты жүрісі, «Жібек жолы» мозаикасындағы Алматы қаласының әсем көріністерінің таныс силуэттерімен көршілес орналасқан. Суреттер заманауи ғимараттарда сағым секілді, гендік жадынан қалқып шыққан естеліктен пайда болып, замандастың бүгінгі өміріне бақыт, өзінің тамырлас бастауларын сезіндіріп, бағалы мәдени естеліктер ендіруде.

 

«Тай» мейрамханасының мозаикасындағы қанатты айдаһар бейнесі В.Твердохлебовтың өзге этникалық әлемге басымен ену қабілетін қайта көрсетті. Мұнда ол қытайдың дәстүрлі өнеріндегі жылтыр сыр бұйымдарымен аллюзияларды, атақты қалқалы эмальмен байланысты шығармашылық жолмен ұтымды келтіріп, суретке шығыс ауыз әдебиетінің мәнерлі күрделілігін және сиқырлы айдаһармен ертегі аспанында қатар қалқып бара жатқан, керемет қытай «бақыт бұлттарын» қоса өріп бейнелеген.

 

Өнер синтезін нақты түсіне білу, монументалды өнерге қажетті архитектоникалық дәлдік, түпкі ойының бостандығы мен батылдығы, реңдік байлық пен күрделі композициялық шешімдердің сирек кездесетін үйлесімділігі - В.Твердохлебовтың шығармашылық қолтаңбасының қасиеті.

 

Суретшіге монументалды-сәндік өнердің мәнін түсіне білудің ерекше қабілеті тән. Ол жазықтық сезімін және қабырға статикасын сақтай біледі және сол уақытта суретті әрекетке серпін беретін, аққыш сызықтардың баяу иілгіштігімен қанықтырады. Оны сәндік өрнекпен және сайрағыш ырғақпен толықтырып, мозаика немесе гобелен, бедер немесе витраж композициясына жарық және кеңістік сезімін енгізе біледі.

 

В. Твердохлебовтың құрылыстық-стилистикалық және техникалық ізденістерінің аумағы кең. Өзінің туындыларында ол үнемі алуан түрлі сирек техникалар мен амалдарды қолданады, смальта мен құйылған түрлі-түсті шынының, қола мен гипстің, жүн мен темпера сияқты табиғи және синтетикалық материалдардың барлық мүмкіндіктерін ашады.

 

В. Твердохлебовтың Алматыдағы Мәсих-құтқарушы шіркеуінің (2006-2007 жж.) қасбетіне арналған «Иса Мәсих» пен «Троица» және Ақтаудағы Благовещение шіркеуіндегі (2007ж.) мозаикалары суретшінің көркем қабілетін және дарынының дүниетанымдық тереңдігін толық қанды ашты.

 

Православиелік қағидалардағы әулиелер бейнесін нақты білуі, сәулеттілікке және қоршаған ортаға табиғи үйлесіп кіруі, бұл туындыларда бейнелердің нәзік рухтылығымен, әсершіл пайымдаушылығымен және оларды ұсынудағы асқақ руханилығымен үйлеседі. Фреска авторы жаңғырған руханилық күйді, дене қимылы мен қалыптың баяулығын, «византиялық» жылы колоритті, симметриялық әуезді композицияны бейнелеу арқылы қол жеткізеді. Түстің ерекше үнділігі, смальта түсінің көркемдік реңктік ауысуы, осы кезең мозаикаларына тарихи және мәдени мәнмәтін әсерін сыйлайды.

 

Суретшінің станокты кескіндеме, плакат, интерьер дизайны саласындағы жұмыстары да сәтті болып шығуда. Осы дербес өнер түрлерінің әрқайсысында В.Твердохлебов өзін заңдарды түсіне білетін және мәнерлі амалдармен қаруланған сирек кәсіпқой маман ретінде өзін танытты.

 

Оның пленэрлық этюдтарының нәзік әсершіл көркемдігі, оның плакаттарының нышанды анық ұтымды тілі – осының барлығы суретші дарының әр түрлі тартымды танылуы.

 

Индустриялық және экологиялық плакаттарда, В.Твердохлебовтың Қызыл крест және жарты ай плакаттарында идея, жолдау мағынасы үнемі айқын және ықшамды жеткізілген.

 

Сонымен бірге көркемдік жағы экспрессивті шешімін тапты - түс, сызба, қарама-қарсылық, симметрия және ырғақ, аллегория және нышан – суретші осының бәрін көрерменнің санасына қонарлықтай бүтін бір бейнеге біріктіре алды.

 

Суретшінің көркемдік техникаға белсенді зер салуы заңды құбылыс болды. 1990 жылдан әлденеше рет пленэр және симпозиумдарға қатысып, Парижа қаласындағы суретшілердің Le Cite des Artistes атты Халықаралық коммунасында жұмыс жасай отырып, В.Твердохлебов барған сайын кескіндеме әлемінің құдыретіне тартып кетеді. Оның натюрморттары, пейзаж және этюдтары әлемдік көркем мәдениеттің құдыретімен еліктіріліп, батыл жазу өнерінің энергиясымен және сезім бейнелілігімен ерекшеленген.

 

Табиғат сұлулығына деген махаббат, әсер алмастыруға қажеттілік - В.Твердохлебовтың айқын ерекшелігі. Саяхаттай отырып, ол әр түрлі елдер мен мәдениеттер, қала және дала пейзаждары, жыл мезгілдері ерекшеліктеріне таң қаларлық сезімталдық танытады.

 

Суретшінің шағын этюдтарының ерекше анық құрылуы, оның монументалистік тәжірибесінен нәр алған, ал арбап әкететін түрлі-түстілік оның гобелендерімен аллюзияларды тудырады. Оның жұмыстарында көріністің және шағындылықтың ауысуы, кескіндемелік амалдардың мүмкін болатын арсеналының барлығымен еркін және кіршіксіз қолдана алатын шебер қолынан жеңіл іске асып жатады.

 

В. Твердохлебовтың кескіндемелік этюдтарындағы түстердің құлпыруы, бояу түсірудің албырт динамикасы, иірімделген композиция, суретшінің кескіндеменің шығармашылық мүмкіндіктерінде жиған, дара еркіндіктің тамаша қабілетін куәландыратын тәрізді.

 

В. Твердохлебовтың суреттеріндегі ең қарапайым сюжет немесе сарын фактуралық құрылымды жазу өнерінен өткір мінезді әсершіл әрекетке айналады. Оның пейзажды этюдтары мен суреттерінде шөптер мен бұталар иілгіш тірі би ырғағымен  бұралған, жолдар мен өзендер, жоталар бұйра бұлттардай бұрқырайды.

 

Суретші кенептерінде күшпен, қастерлі табиғи пантеизммен, өмірдің мәңгілік ұласу қозғалысымен жанданған жердің, табиғаттың барлығы, бүкіл жер ғаламмен астасқандай

 

Оның тау қырқасы өседі, өмір сүреді және дем алады, гүлдері нәзік бояулармен гүлденеді, желі ағаш бұтақтары және жапырақтармен шуылдайды, су беті толқынданады, ал аспан көгінде түссіз жеңіл бұлттар екпіндей самғайды.

 

Осылайша В.Твердохлебов кескіндемедегі табиғатқа көзқарасын жасампаздық және позитивтікпен жеткізіп, өміріне қатыстылығын соншалық терең және сезімталдықпен байытады.

 

В. Твердохлебовтың жұмыстарында Батыстың өнерін тамаша білу және Жапон, Қытай өнерінің нәзік стилистикасын ұғыну біріктірілген, қазақ көркем мектебінің ұлттық стилистикасы арнасында, әлем өнерінің инновациялық және дәстүрлі импульстарын біріктіру қабілеті байқалады.

 

Суретші В. Твердохлебовтың қолынан щыққан монументалды-сәндік өнер, дизайн, плакат және кескіндеме салаларындағы барлық жұмыстарын атап өту қиын. Оның Қазақстан өнеріне қосқан зор үлесін, Қазақстан өнерінің өзіндік келбетінің қалыптасуы мен жоғары деңгейге көтерілуіне жағдай жасағандығын айтып өту де жетерлік болар.

Наталья Селиванова

«Ваш дом» журналының атқарушы редакторы

 

Толықтырған Анара Форрестер

Аударған Наушаруан Тұмарбекқызы  2016 ж.

Суретші ТВЕРДОХЛЕБОВТЫҢ интерпретациялары

 

Оның болмысында барлығы монументалды – қасиетті жердің нан сыйлайтын қатты қабатымен ойша астасқан тегінің, бүкілодақтық элиталы ЖООда алған тамаша білімінің,  терең дүниетанымы мен жоғары талғамының арқасында шынайы әдемі, сұранысқа ие, эстетикалық  мінсіз, сондай-ақ ұзақ ғұмырлы, уақыттан тәуелсіз өнер туындыларына куә боламыз.

 

Владимир Сергеевич Твердохлебов бірден өзін талантты суретші-монументалист екендігін танытты, ол бірегей әрі экспрессивті. Оның ұйымдастырушылық қабілеті де тамаша, сондықтан – өзі бас суретші және жетекші болып қатысқан кешендік безендіру жобалары бірінен кейін бірі іске асты.

 

Алғашқысы, 1967-68 жж. – Қазақстанның Орталық Мемлекеттік мұражайы.

Ал 1971 жылы Орталық Азия мен Қазақстанның Москвада, Үлкен Манежде өткізілетін көрмесін даярлау құрметіне ие болды. Бұл жобаға ол бір жылдан астам уақытын арнады.

 

Одан соң – Мұхтар Әуезовтің мемориалдық  мұражайы. – Қазақстан Орталық Мемлекеттік мұражайы экспозицияларының кеңқұлашты ауқымдылығын камералық, әрі қазақи ұлттық рухқа толы, жоғары талғаммен безендірілген интерьера көркемдей түсті.  

 

Суретшінің ендігі ой-қиялы қалалық ортаны көркемдеуге бағыт алды, сөйтіп  1980 жылы Владимир Твердохлебов 7 жылын сарп еткен,  «Зодиак белгілері» деп саналатын «Шығыс күнтізбесі» субұрқағы ашылды. Бұл фонтан Орта Азия, Солтүстік және Батыс Қытай, Моңғолия аумақтарында, Оралдан Сібірге дейінгі аралықта кең тараған көне тәңіршілдік күнтізбесінің бейнелері салынғандықтан дүниежүзінде бірегей және айрықша болып табылады, күнтізбені осы заманда да жергілікті халықтар жылесепті анықтауда ең сенімді әдіс ретінде қолданады.

 

Шығыс күнтізбесі негізіне Қазақстан аумағында өмір сүрген көне халықтардың бейнелеу өнеріне тән аң сипатындағы кейіптер алынған. Биік постаментте көкке көтерілген Күннің айналасына фантасмагориялық қанаттары бар он екі жануардың – тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит пен доңыздың астрологиялық Зодиак белгілерінің бейнелері өз кезегімен қоршай орналасқан. Әрбір жануар бейнелерінің астыңғы жағынан қуатты, жанды түрде жалтылдай шығып жатқан фонтанның көлемді ағыны, бейне бір, Күнге қарай ғарыштық жол салып жатқандай. Фонтанның мозаикалық түбі – өнердің жеке бір туындысы – одан уақыт айналымдарын шексіздікте  біріктіретін ғарыштың символикалық бейнесін көруге болады. Субұрқақ мәрмәр, қола, смальта сияқты классикалық және іргелі материалдардан салынған. Ол стильді, концептуалды және биік талғаммен безендірілген.

 

Сәл кейінірек Владимир Сергеевич, өзі басында болып, суретшілер тобымен Қазақстан Ғылым Академиясының Ғалымдар Үйін кешенді безендіруге кіріседі. Ол бес қабатты үлкен ғимаратта өте әдемі, ұзақ мерзімге жарамды табиғи материалдарды заманауи технологиялар мен айрықша көркем тәсілдердің көмегімен араластыра пайдаланды  - мәселен, Үлкен  конференц-залда 1917 ж. Октябрь төңкерісінің көсемі В.И.Лениннің бейнесі   салынған Қазақстанның жартылай асыл және жасанды тастарынан флоренциялық мозаика техникасымен жасалған елдегі бірегей мозаикалық композиция; фойеде – Қазақстан ғылымының дамуына үлес қосқан көрнекті қайраткерлердің              (Әл Фараби, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтбаев және Мұхтар Әуезов) мозаикалық портреттері  пайда болды, кездесу мен дөңгелек үстелдер өткізуге арналған камералық залдар қолдан жасалған сәнді гобелендермен, жапсырма әшекейлермен безендіріліп, ал жоғарғы қабатты сәуле шашқан «Қазақстан мәдениеті. Бұрынғы мен қазіргі заман байланысы» атты құйма шынылы витраж  және көпдеңгейлі, ғажап Қысқы Бақ қабырғаларындағы шығыс миниатюрасы стиліндегі қазақ далалары мен  арғымақтарының суреттері,  көшпенділердің өмірінен сыр шертетін сахналық көріністер құлпыртып жіберді. Сөйтіп лирикалық және салтанатты әуен, жалпыадамдық құндылықтар мен ұлттық мәдениет, ғарыштық эквивалентке ие жер символдары Ғалымдар Үйінің интерьерасында осылайша тоғысты.

 

80-ші жж. орта тұсынан бастап қаланың көп жерлері Владимир Твердохлебовтың қолтаңбасы бар біраз жұмыстармен толықты: ол АММК (АХБК) Мәдениет сарайын кешенді безендіру (ғаламат әрі әсерлі рельефтер, қабырғадағы мозаикалар мен өрнекті суреттер) ісінде Бас суретші болды, сонымен бірге балабақшаларды, Алматы қ. криминалистика мектебін алуан түрлі суреттермен өрнектеді. Қазақстанның өзге қалаларында, Қырғызстан мен Ресейде қоғамдық ғимараттарды безендірді. 

 

Монументалист Твердохлебовтың көркемдік шығармашылығының құндылығына дау жоқ, себебі, оның барлық туындылары концептуалды әрі мол ақпаратты.

 

Қалалық кеңістікті безендіру – маңызды әрі қызықты, бірақ бұл суретші Твердохлебовтың шеберлік жолының бір ғана сатысы емес. 90-шы жылдары монументалдық өнерге деген сұраныс болмай қалды. Сөйтсе де, Владимир Сергеевич еш түңілмеді – талантты суретші күйзелудің, әрекетсіз болудың қажет еместігін жақсы түсінді: бізге берілген уақыт тым шектеулі. Суретші станоктық кескіндемемен көбірек айналысты.

 

Ол жаңа әсерлерге бөленіп, шабыт алу үшін қаладағы жайлы үйін, шеберханасын, туыстары мен достарын тастап, «орын ауыстыруға құштарлығын» өз шығармашылығының жаңа кезеңімен байланыстыра,   Жетісудың көрікті жерлеріне сапар шекті. Владимир Твердохлебов «Тенгри» шығармашылық тобының мүшелігіне енді. Көшпелі заманауи суретшілер Бұхара мен Хиуаға, Ыстық-Көл жағалауына, Жетісу қалаларына, Шарын мен Ілеге жол тартты. Әдетте, мұндай сапарлардан соң маңызды сурет көрмелері ұйымдастырылып, кескіндеуші Твердохлебовтың суреттері қойылады. Олардың кейбірі камералық әрі  ерекше нәзік, басқалары – пастоздық, монументалдық, мүсіндік болғанымен, суретші-монументалистің мықты қолтаңбасы сезіледі. Өзінің басым бағдарын, танымдық пайымдауын әбден анықтап алған суретші, өсу сатысының биігінде тұрғандықтан оның алғашқы да, кейінгі де жұмыстары шебер орындалған. Оны бай, әралуан, мәңгі болып келетін табиғат тақырыбы толғандырды: кейде – ашық немесе контрастылы, кейде пастельді әрі жұмсақ – оның пейзаждары мен натюрморттары фотографиялық емес, көркем және поэтикалық сипатта.

 

Владимир Сергеевичтің сапардан алған жанды әсерлері өзі көрген қала пейзаждарының тақырыбына айналды. Мінеки, Шығыс қалалары – төбеңізде ашық түске боялған аспан, бесіндегі аптап ыстық, сәулетті мешіттер мен минареттер. Ал мыналар: Еуропа қалалары, олардағы колорит, мәдениет, түс өзгеше. Суретші үшін дүниежүзіне белгілі көрнекті орындар ғана емес, сондай-ақ кіші-гірім көшелер, атауы жоқ алаңдардың шағын бөліктері, көпірлер мен аллеялар да қызықты. Неге екені белгісіз, шебердің  көңілінде солар із қалдырды. Суретші картиналары ойлантады, дүниетанымды кеңейтеді. Олардың философиялық құндылықтары да осында.     

 

Суретші Твердохлебовтың интерпретациясындағы Өнердің тылсым құпияға толы әрі тартымды болуының сыры: акварельдік суреттер мен  майлы полотноларда үлкен мен кіші, мәңгі мен өткінші, ашық пен бұлыңғыр, вертикаль мен горизонтальдар, ойлар мен сезімдердің өзара үйлесім табуында. 

 

Владимир Сергеевич Твердохлебов шығармашылығының тағы бір қыры  –  гобелендер, онымен ҚР Ғалымдар Үйін безендіру кезінде, 1983 ж. бастап айналысты. Содан бері 50ден астам гобелендік туындылар салыныпты. Суретші үшін бұл техника несімен қымбат? Ең алдымен, ол «табиғат тәрізді жанды, су секілді қозғалыста, ғарышқа ұқсас энергетикалы».

 

2010 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жыл сайын күміс және алтын коллекциялық монеталар сериясын шығарады, оның дизайнына «Шығыс күнтізбесі» субұрқағы эскиздеріндегі жануарлардың пішіндері алынған. Жуықта аталмыш серия Владимир Сергеевичтің көркемдік дизайны негізіндегі бірнеше монетамен толығады: олардың ішінде күміс пен алтыннан басқа, зодиак белгілері мен дүниетанымның бірлесуін айшықтайтын, сырты түсті эмальмен қапталған, ғаламшардың символикалық бейнесі салынған монеталар болуы да ықтимал.

 

Бұдан басқа, 2002 ж. бастап Владимир Сергеевич Твердохлебов суретші-монументалист ретінде қайтадан қажет болды. Оның санатындағы суретшілер іс жүзінде қалмап еді. Владимир Сергеевичке жұмысқа кірісу туралы өтініш түскен соң, ол тағы Алматы қ. «Тай» мейрамханасының «Айдаһар» мозаикасы, Алма-Ата қонақ үйінің «Иссык» мейрамханасының «Жібек жолы» мозаикалық композициясы сияқты және т.б. ғаламат әрі ерекше композициялар жасады. Владимир Сергеевич өзі үшін 2006-07 жж. орындалған Алматы қ. православ шіркеулерінің фасадындағы «Иисус Христос», «Троица» және «Благовещение»; Христ-құтқарушы храмының және Ақтау қ. Благовещение храмының мозаикаларын соңғы онжылдықтағы басты жетістігі деп санайды.    

 

Владимир Сергеевичке өз жұмыстарының мән-мағынасын терең ұғыну, оларды жалпы интерьерада көре білу, табиғи және сәулеттік кеңістікке біте қайнастыру, тапсырыс берушінің ойын және көркемдік нысанының мәнін жеткізе білу, сонымен қатар ғасырларға жететін, уақыт сынақтарын көтеретін және өнердің ғана емес, тарихтың да ескерткіштері болып қалатын туындылар жасауға ұмтылу сияқты асыл қасиеттер тән.